Үміт пен күдік қатар соққан тағдыр

Cағат тілі таңғы 04:51-ді көрсетіп тұр. Айналада талықсыған тыныштық орнаған. Сол тыныштықты бұзу мақсатында сағаттың ең ұзын сары тілі секунд сайын «тықылдап»  өмірдің жалғасып жатқанын, ешқашан тоқтамай, тек алға қарай қозғалу керек екенін еске салып тұр. Сағат тықылы мен жүрек соғысын тыңдап Азиза ояу жатыр. Атар таңды ұйқысыз, көз ілмей өткізу ол үшін үйреншікті жайт болған. (Бірінші рет емес.) Азиза дүние есігін ашқаннан кейін ата-анасы балапандарына жемтік іздеген құстай үнемі тыста жүретін. Ал, нәрестені бесігіне бөлеп, көршісіне көз қырын салып тұруын өтінетін. Жас отбасы болған соң ба көршілері де үнемі қол ұшын созуға дайын тұратын. Азиза бес айға толған күндердің бірінде анасы бесікке жатқызып, ұйықтатып кеткен еді. Кім білсін, ұйқысы тыныш болмады ма, әлде ауырып мазасызданды ма сүт пісірім уақыт өтпей оянып кетті. Сол жылағанна қанша уақыт жылағаны белгісіз. Анасы келген кезде күздің қара суығы шалған картоп секілді келбеті боп-боз, денесі көгеріп кетіпті. Анасы алып-ұшып жүз адымдай жерде орналасқан емханаға жеткізді. Бар үміті балапанының амандығы болатын. Арадан ет пісірім уақыт өткен соң, ақ халаттылар нәрестенің амандығын, көп жылаудың салдарынан өкпесіне зақым келгенін, содан тыныс алуы қиындағанын айтты. Сол зақымдалған өкпе уақыт өте келе мұрнына, тамақ жолына, құлақ, көзі мен басына да әсер ете бастады. Осы бір қаралы күннен бастап ата-анасының жанары жастан құрғаған емес. Жанын жегідей жегені сол, қызының осы халге жетуіне өздерінің кінәлі болуы. Азизаның бойындағы дерт асқынған сайын жүректеріндегі өксік те үлкейе түсті. Суретшісі өзі болған мұндай нашар картинаны көруге төзбеген ана жүрегі еш дамылдамай дәрігерден-дәрігерге, ауруханадан-ауруханаға шапқылап жүріп біраз күн, біраз апта, біраз ай, мүмкін біраз жыл өтті…

*****

Бүгінде Азиза он беске толған бойжеткен. Танадай көздері, жеміс салып тұрған ағаш бұтағы сынды қиылған қастары аппақ бетіне сондай жарасымды. Иықтан төгілген қалың, қара шаштары келісті ажарына ерекше әсемдік сыйлап тұр. Денсаулығына байланысты мектепке көп бармағандықтан болар сабақ үлгерімі біраз кешелеп қалған. Дегенмен, әдебиет дегенде шығар жаны бөлек. Өзі өлең жазып, ішіндегі шерін қалам арқылы ақ параққа жолдап жатады. Поэзияны бар жан тәнімен сүйеді.

М.Мақатаевтың тұрақты оқырманы. Көңіл-күйін көтеріп, өзін-өзі жігерлендіру мақсатында Мұқағалидің «Шыда», «Айығып келем» деген өлеңдерін жиі айтып отырады. Екі жылдың ішінде оған жеті рет ота жасалды. Өйткені Азиза он үш жасқа толғанында мұрынмен тыныс алу қиындай түс. Ауа жетпей естен танып қалатын болды. Дәрігерлерге тексертсе, мұрнында өсінді пайда болған екен. Оны тек ота жасау арқылы ғана алуға болады. Бірақ, әрбір 2-3 жылда қайта ота жасалмаса, өсінді қайта үлкейіп кету қаупі бар екен. Қазір аурухана иісі басын айналдырардай халге жеткен. Анасы әр келген сайын – анашым, мені мына жерден алып кетші. Мына иіске шыдай алар емеспін. Өтінем, апатай, алып кетші – деп жылап қала береді. Уақытты осылай сағаттың тықылы мен жүрегінің соғысының әнін тыңдап өткізеді.

*****

…Таң атқан соң, сегізінші отасы басталады. Жүрегінде үміт пен күдік қатар орналасқан. Бірақ, жанарынан өмір сүруге деген үміт ұшқыны онша байқалар емес…

Фото: stihi.ru

Автор: Камила Бұғыбаева

Total
8
Shares
Next Post

Сабырға түсірген сұлу